news-img

Бүгін Петропавлда нейро-ортопедиялық бұзылысы бар балаларға арналған мемлекеттік оңалту орталығы ашылды. Орталық көпбейінді облыстық балалар ауруханасының базасында құрылды, жылына 600-ге дейін баланы қабылдап,  тегін оңалту қызметін көрсетеді.

Ашылу рәсіміне Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, орталық ғимаратын бірыңғай дизайн тұжырымдамаға сай жөндеуге қолдау көрсеткен «Қазақстан халқына» қоры басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева және Нұрсұлтан Назарбаев Қоры атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлы қатысты.

Жаңа орталықта балалармен реабилитолог, невролог, ЕДШ нұсқаушысы, логопед, дефектолог, эрготерапевт және психолог сынды мультидисциплинарлық команда жұмыс істейді. Олардың барлығы халықаралық тәлімгерлердің қатысуымен көпсатылы даярлықтан өткен, бұл оқытуды Нұрсұлтан Назарбаев Қоры қаржыландырған. Жоғары деңгейдегі мамандар мен оңалтудың заманауи әдістерін пайдалану әрбір бала үшін жеке оңалту жоспарларын жасауға мүмкіндік береді.

Орталықтың заманауи жабдықтары, оның ішінде жетекші әлемдік брендтердің жоғары сапалы медициналық оңалту құралдары, жобаның бас серіктесі – «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен сатып алынған.

Бұл жыл ішінде Петропавлда ашылған екінші балаларды оңалту орталығы. Ақпан айында «Самұрық-Қазына» және «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен құрылған «Қамқорлық» ерте араласу орталығы жұмысын бастаған болатын. Қызметін бастағалы бері «Қамқорлық» орталығы үш жасқа дейінгі 200-ден астам баланы қабылдады. Ал бүгін ашылған QH оңалту орталығында ерекше қажеттілігі бар балалар үшін туғанынан 18 жасқа дейін қолдау мен дамуға қажетті мүмкіндіктер қолжетімді болмақ.

Түсініктеме қалдыру