Кино форматындағы тарих сабағы
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында Тұңғыш Президент музейі саяси тарихты зерделеуге және өскелең ұрпақтың егемен Қазақстанның қалыптасуы мен даму үдерісін тұтас әрі саналы түрде түсінуін қалыптастыруға бағытталған бірқатар іс-шара өткізеді.
Апта бойы Астананың орта мектеп оқушылары интерактивті квиздермен бірге өтетін кинокөрсетілімдер сериясына қатысады.
Оқушылар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің жеке архив қорындағы материалдар негізінде дайындалған «Тәуелсіздік шежіресі» деректі фильмін көрді. Бейнематериал ел Тәуелсіздігінің қалыптасуы мен нығаюының негізгі кезеңдерін қамтиды. Фильмде сирек кездесетін хроникалық кадрлар, архивтік жазбалар және құжаттық деректер ұсынылып, көрермендерге Қазақстанның жаңа тарихындағы маңызды сәттерді ғана емес, сонымен қатар жас мемлекеттің даму бағытын айқындаған саяси, әлеуметтік және экономикалық үдерістерді тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
Кинокөрсетілімнен кейін оқушылар Kahoot форматындағы интерактивті квизге қатысты. Квиз сұрақтары фильм материалдары негізінде әзірленіп, қазіргі қазақстандық мемлекеттіліктің қалыптасуына ықпал еткен маңызды оқиғалар, негізгі даталар мен шешімдерді қамтыды.