Қазақстанның жас аккордеонистері — дүниежүзілік CMA Trophée Mondial байқауында
Биыл А. Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық арнаулы мектеп-интернаттың оқушылары Францияның Монтаржи қаласында өткен аккордеонистердің 75-ші дүниежүзілік CMA Trophée Mondial чемпионатына қатысты.
Нұрсұлтан Назарбаев Қорының жол жүру грантының арқасында балалар сапарға шыға алды. Бұл қолдау оқушыларға аккордеоншыларға арналған ең айтулы халықаралық байқауда бағын сынап көруге жол ашты.
Чемпионат өзінің жоғары талабымен және кәсіби деңгейімен ерекшеленеді. Жарысқа төрткүл дүниеден сайдың тасындай іріктелген дарынды өнер иелері жиналады. Осындай ортада өнер көрсету жас музыканттарға халықаралық деңгейде қабілетін таразылап, қай бағытпен жүру керегін ұғындырды. Мұндай үлкен сахнаға шығу мектептегі дайындықтың қаншалықты терең әрі маңызды екенін айқын аңғартады.
Әлемдік додада жас өнерпаздардың мерейі үстем болды:
• Думан Тұрақбай, 5-сынып оқушысы — бірінші орын иегері.
• Әбілмансұр Далабек, 9-сынып оқушысы — бірден екі номинацияның жеңімпазы.
• Бексұлтан Батырхан, 5-сынып оқушысы — үшінші орын еншіледі.
Мұндай деңгейдегі жеңіс — жас музыканттар үшін үлкен белес. Дүниежүзілік чемпионатқа тек жоғары деңгейге үйренген орындаушылар қатысады. Әлемнің үздік аккордеонистері жиналған додада үздік шығу сәтті өнер көрсету ғана емес, бәсекесі күшті ортада деңгейіңді дәлелдеу. Жас өнерпаздар үшін бұл нәтиже жай ғана сәттілік емес, көп жылғы еңбектің өтеуі, халықаралық деңгейде мойындалғанының айғағы.
Қор көрсеткен қолдау оқушылар үшін бағын сынап көруге баға жетпес мүмкіндік. Бұл көмексіз сайысқа бару қаржылық жағынан қиынға соғар еді, ал бұл грант балалардың барынша дайындалып, әлем алдында бар өнерін паш етуіне жол ашты.
Бұл сапарда жүлде мен марапат маңызды емес. Ең бастысы, бұл мектеп қабырғасындағы жүйелі жұмыс пен ұстаздардың жанкешті еңбегінің жемісі, ал балалар үшін мәңгілік есте қалатын тәжірибе. Үлкен сахнада өзін еркін ұстап, ертеңгі күнге сенімін арттырған бұл сайыстың жас өрендердің болашағына бағыт берері анық.