news-img

Астанадағы Тұңғыш Президент музейінде бейнелеу өнерінің ең күрделі техникаларының бірі саналатын акварель жанрында жұмыс істейтін заманауи суретшілердің басын қосқан «Акварель қырлары» атты көрме ашылды.

 

Экспозицияға 2018-2026 жылдар аралығында салынған 75 туынды қойылған. Көрмеге Мария Сороковская, Елена Иоктон, Мәдина Базархан және Лизавета Антропова қатысып отыр. Әртүрлі шығармашылық мектеп өкілдері болғанымен, авторларды акварельді дербес әрі толыққанды көркем тіл ретінде қабылдауы біріктіреді. Жоба Қазақстанның заманауи көркемдік мұрасының бір бөлігі ретінде тәуелсіздік кезеңіндегі авторлар шығармашылығын пайымдауға бағытталған.

 

Көрменің ашылу күні шебердің дәрісі өткізіліп, бұқаралық ақпарат құралдарына арналған сұхбаттар ұйымдастырылды. Ресми салтанатты рәсімде Тұңғыш Президент музейінің директоры К.Қ. Ақтаева, көрме кураторы, Халықаралық суретші-педагогтар одағы басқармасының мүшесі Г.Ж. Исенова, сондай-ақ жобаға қатысушы суретшілер құттықтау сөз сөйледі. Бағдарлама аясында «Nomad» хореография академиясының тәрбиеленушілері орындаған «Айжан қыз» және «Аққу» қазақ билері көпшілік назарына ұсынылды. Салтанатты бөлімнен кейін қонақтар авторлық экскурсия форматында көрмемен танысты.

 

КөрмеТұңғыш Президент музейінің «Өнер диалогы» бағдарламасы аясында Балалар көркемсурет мектебі – ЮНЕСКО клубымен бірлесіп ұйымдастырылды.

 

Бөлісу