Нұрсұлтан Назарбаев Қоры шығармашылық сапарларға арналған гранттар байқауын жариялайды
Нұрсұлтан Назарбаев Қоры Қазақстанда және шетелде мәдениет пен өнер саласындағы іс-шараларға қатысуға арналған шығармашылық сапарларға гранттар беру байқауының басталғанын хабарлайды. Өтінім 2026 жылы 13 ақпан мен 30 қазанға дейін қабылданады.
Байқау кәсіби дамуын мәдени ортадан тыс елестете алмайтын жас таланттарға арналған. Ол халықаралық фестивальге, байқауға, тағылымдамаға, шебердің дәрісіне, симпозиум мен конференцияға қатысуға мүмкіндік береді. Бұл шығармашылықты жаңа алаңда таныстырып қана қоймай, кәсіби тәжірибе жинауға, жаңа байланыс орнатуға және алдағы дамуға серпін беретін шабыт алуға жол ашатын мүмкіндік.
Гранттар Қазақстан Республикасының жас мәдениет және өнер өкілдеріне, сондай-ақ бейінді оқу орындарында білім алып жүрген жастарға ұсынылады. Байқауға жеке авторлармен қатар шығармашылық ұжымдар да қатыса алады. Қолдау әдебиет пен журналистикадан бастап музыка, хореография, театр, кино, бейнелеу өнері, сәулет және дизайн саласына дейінгі ауқымды бағытты қамтиды.
Қор қатысушылардың жол жүру және тұру шығындарын өз есебінен өтейді. Сапардың ең ұзақ мерзімі 14 күнтізбелік күнге дейін, бұл білім беру немесе байқау бағдарламасына толыққанды қатысып, кәсіби міндеттерге ден қоюға мүмкіндік береді.
Өтінімді іріктеу Қазақстанның танымал мәдениет және өнер қайраткерлері мен Қор өкілдері енген конкурстық комиссия тарапынан жүзеге асырылады. Бағалау кезінде іс-шараның үміткердің кәсіби және шығармашылық дамуы үшін маңыздылығы, сондай-ақ оның жеке жетістігі мен мәдени жобаларға қатысу тәжірибесі ескеріледі.
Бір күнтізбелік жыл ішінде әр үміткерден бір ғана өтінім қабылданады. Конкурстық комиссия отырыстары кемінде екі айда бір рет тұрақты түрде өткізіліп отырады.
Қатысу шарттары, үміткерлерге қойылатын талаптар және қажетті құжаттар тізімі туралы толық ақпарат байқау парақшасында жарияланған.
Нұрсұлтан Назарбаев Қоры мәдениет пен өнерді дамытуға үлес қосып жүрген жас буынды жүйелі түрде қолдап келеді. Бұл байқау шығармашылық әлеуетті кеңейтіп, халықаралық мәдени кеңістікке шығуға және Қазақстанды айтулы мәдени алаңдарда танытуға мүмкіндік беретін кезекті маңызды қадам.