Шам жарығындағы танго: Назарбаев орталығында музыка, нәзіктік пен ерекше атмосфераға толы кеш өтті
Назарбаев орталығында ерекше мәдени кеш ұйымдастырылды. Мұнда «Шам жарығындағы танго» концерті өтіп, музыка мен би жанды орындаудың сиқырында тоғысты.

Бұл кеште танго жай ғана музыкалық жанр ретінде емес, естеліктің, эмоцияның және ішкі еркіндіктің тілі ретінде қабылданды. Концерт бағдарламасы көрерменді нәзік лирикадан бастап ширыққан драматургияға дейінгі алуан күй әлемі арқылы жетелеуге құрылған.

Іс-шараны Tan Art Residency және Laula Music танго-оркестрі Нұрсұлтан Назарбаев Қорының қолдауымен ұйымдастырды.

Кеште танго тарихын өзгертіп, оны музыкалық философия деңгейіне көтерген композитор Астор Пьяццолла шығармаларына ерекше мән берілді. Оның Vuelvo al Sur, Adiós Nonino, Oblivion және әрине, аңызға айналған Libertango туындылары тағдыр мен махаббат туралы тұтас бір музыкалық хикая іспетті орындалды. Сонымен қатар Франсиско Канаро, Карлос Ди Сарли, Карлос Гардель, Ришар Гальяно шығармалары және Херардо Матос Родригестің La Cumparsita туындысы шырқалды.

Кештің көркін кәсіби музыканттар ансамблі айшықтай түсті. Олар тангоның терең болмысын — нәзік әуезден бастап милонганың темпераментті ырғағына дейін шебер жеткізді. Атап айтқанда, Әсел Жақиянова – скрипка, Жанна Ақтасова – саксофон, Ринат Сайфутдинов – баян, Мәдина Сейітқанова – рояль, Дәулет Одербаев – контрабас.

Әрбір аспап жеке үн секілді естілгенімен, барлығы біріге отырып біртұтас кеңістік қалыптастырды – Астананың қақ ортасында Буэнос-Айрестің «тірі тынысын» сездіргендей әсер қалдырды.

Іс-шараның маңызды бөлігі танго бойынша шебердің дәрісі болды. Оны оқытушы Ибраим Халелов жүргізді. Қонақтар сахнадағы өнерді тамашалап қана қоймай, оған қатысып, ырғақты сезініп, бастапқы қимылды меңгеруге мүмкіндік алды. Олар тангоның қадамнан емес, ішкі күй мен серіктеске деген сенімнен басталатынын түсінді.

Tan Art Residency пен Laula Music ұжымы Астанада жоғары көркемдік деңгейдегі жобаларды жүзеге асыруға болатынын тағы бір мәрте дәлелдеді. Мұндай бастамалар заманауи мәдени ортаны қалыптастырып, шығармашылық таланттарды қолдауға серпін береді.
