news-img

Тарихты бүгінгі студентке қалай түсінікті әрі тартымды жеткізуге болады? Жастардың өткенге деген қызығушылығын қалай арттыруға болады? Осы сауалдарға академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінде өткен «Тарих беттері» ақпараттық-білім беру бағдарламасы нақты жауап ұсынды.

Бағдарламаны Тұңғыш Президент музейі мен «El Umiti» қоры» корпоративтік қоры ұйымдастырды. Іс-шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналды.

Іс-шараға қаланың төрт жетекші оқу орнынан 100-ге жуық студент қатысты. Олардың қатарында академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің, Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің, Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің және Қарағанды жоғары медициналық интерколледжінің студенттері бар.

Бағдарламаның мазмұны «Тәуелсіздік дәуірінің тарихи-мемориалдық мұрасы және музейлер: XXI ғасыр мүмкіндіктері» ғылыми жобасының материалдары негізінде әзірленді. Олар жастардың елдің тәуелсіз даму кезеңіндегі маңызды оқиғалар мен жетістіктерге назар аударуының негізгі бағыттарын айқындады.

Ұйымдастырушылар жастар аудиториясымен жұмыс істеудің заманауи форматтарын дәстүрлі музейлік-білім беру тәсілдерімен үйлесімді ұштастыра білді.

Тұңғыш Президент музейі жастар үшін қызықты фильм көрсетілімін, тақырыптық квизді және «Тәуелсіздікке 35 жыл» музейлік-зерттеу квестін ұйымдастырды. Тапсырмалар Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасуы мен даму тарихына, ұлттық рәміздерге, көрнекті тұлғаларға, еліміздің жетістіктеріне, сондай-ақ бай тарихи-мәдени мұраға арналды.

«El Umiti» қоры» корпоративтік қоры «Тәуелсіздік дәуірі» тарихи-білім беру ойынын өткізді. Ойын барысында студенттер түрлі тарихи жағдайларды саралап, шешім қабылдап, оның мемлекет пен қоғамның дамуына ықтимал әсерін талқылады. Мұндай формат қатысушыларға тарихи үдерістерге жаңаша көзқараспен қарап, оқиғалар арасындағы себеп-салдарлық байланысты тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.

 

Өткізілген іс-шаралар өскелең ұрпақтың егемен Қазақстан тарихына деген терең қызығушылығын қалыптастыруға, ұлттық мұрамен байланысын нығайтуға және жастардың маңызды оқиғаларды саналы түрде бағамдауына жағдай жасады.

Бөлісу