news-img

Астанадағы Тұңғыш Президент музейінде 29 қазанда Шеге лақап атымен танымал қазақстандық суретші Владимир Гвоздевтің жеке көрмесі ашылды. «MADONNA ORIENTE» деп аталатын экспозицияға әйел бейнесіне, тарихи-мәдени мұраға және Қазақстан табиғатына арналған 45 туынды қойылған.

Әйел бейнесі көрменің өзегіне айналған. Экспозицияға атау болған «MADONNA ORIENTE» туындысы суретшінің жұбайы Анастасия Гвоздева-Дамбуаеваға арналған. Ал басқа жұмыстарында автор көне дәуір символдарын, жартастағы суреттерді, сақ-скиф мәдениеті мен ұлттық дәстүрлерді бейнелейді.

Т. Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлегі Владимир Гвоздевтің суретші ретінде қалыптасуы Алматы қаласымен тығыз байланысты. 2015 жылдан бері Мәскеуде тұрып, шығармашылығын жалғастырып келеді.

Шеге шығармашылығында этносимволизм, сәндік реализм және импрессионизм бағыттары үйлесім тапқан. Қылқалам шебері Түркия, Германия және Ресейде өткен халықаралық көрмелерге қатысқан. Оның туындылары әлемнің бірнеше еліндегі жеке топтамаларда және Ә. Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінің қорында сақтаулы.

«MADONNA ORIENTE» көрмесінің ашылуында үнділік табла аспабында ойнайтын музыкант Монис Замир өнер көрсетіп, суретшінің өзі көрмеге экскурсия жүргізеді.

Көрме Қазақстанның мәдени мұрасы мен заманауи өнердің өзара байланысын көрсетуге арналған «Диалог өнері» жобасы аясында ұйымдастырылды.

Өтетін орны: Астана қаласы, Ә. Бөкейхан көшесі, 1, Тұңғыш Президент музейі.

Бөлісу