news-img

Дарынды жастарды, педагогтер мен белсенді азаматтарды қолдау, инклюзияны дамыту және білім беру саласындағы ауқымды бастамаларды жүзеге асыру Ақмола облысында өткен Нұрсұлтан Назарбаев Қоры күндерінің мазмұнды бағдарламасына негіз болды.

27-30 қазан аралығында Қор қызметкерлері өңірде ұйымдастырылған бірқатар маңызды іс-шараға қатысты. Соның бірі жас педагогтер арасында өткен «Jas Ustaz Digital: идеядан инновацияға» облыстық байқауы. Байқаудың мақсаты – цифрлық технологияға, STEM тәсіліне, педагогикалық зерттеулерге және жасанды интеллектіні қолдануға негізделген тиімді оқыту тәжірибеcін анықтау, қолдау және тарату.

Байқау «Үздік цифрлық сабақ», «Үздік STEM-жоба», «Педагог жұмысындағы жасанды интеллект», «Үздік виртуалды зертхана», «Үздік цифрлық білім беру өнімі», «Инклюзивті білім беруге арналған цифрлық технология», «Үздік педагогикалық зерттеу» және «Цифрлық дебют» номинациялары бойынша өткізілді.

Нұрсұлтан Назарбаев Қоры байқауға демеушілік жасап, жеңімпаздарға арнайы жүлделер тағайындады. Өңірге сапар бағдарламасының маңызды бағыттарының бірі Қордың робототехника саласындағы жетекші «Роботек» мектебімен бірлесіп ұйымдастырған мектеп педагогтеріне арналған робототехника бойынша оқыту курсы болды.

Оқыту ҚР Оқу-ағарту министрлігімен келісілген біліктілікті арттыру бағдарламаларының тізбесіне енгізілген «Білім беру және спорттық робототехника саласында оқытушылардың кәсіби құзыретін қалыптастыру» курсы негізінде жүргізілді.

Жобаның мақсаты – педагогтердің біліктілігін арттырып, оларға робототехника, электроника, инженерия және бағдарламалау бағыттарындағы білімді оқушыларға үйретуге қажетті дағдыларды меңгерту.

Қордың өңірлерге жасаған сапарлары аясында «Қамқорлық» оңалту орталықтарына бару да дәстүрге айналған. «Қамқорлық» жобасы өңірлік әкімдіктермен, «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қорымен және «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен серіктестікте алты жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт ішінде 61 орталық ашылып, 115 мыңнан астам бала оңалтудан өтті.

Көкшетау қаласындағы оңалту орталығы 2022 жылы Нұрсұлтан Назарбаев Қорының, облыс әкімдігінің және «Қазақстан халқына» қорының бірлескен қолдауымен ашылған. Заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған орталықта тірек-қимыл аппараты бұзылған 3 пен 18 жас аралығындағы балаларға оңалту қызметтері көрсетіледі. Мұнда күн сайын дефектолог, психолог, логопед, невролог дәрігер, емдік дене шынықтыру нұсқаушылары және басқа да мамандар еңбек етеді. Орталық мамандары Нұрсұлтан Назарбаев Қорының қаражаты есебінен үш кезеңдік оқытудан өткен.

Бес жыл ішінде орталықта 3 300-ге жуық бала оңалтудан өтті.

Орталыққа барған Нұрсұлтан Назарбаев Қорының қызметкерлері мекемеге тұрмыстық техника сатып алуға арналған сертификат табыстады.

Қордың өңірлердегі күндері аясында қоғам игілігі жолында әлеуметтік маңызы бар жұмыстар атқарып жүрген белсенді азаматтарға қолдау көрсету де игі дәстүрге айналған. Ақмола облысына сапар барысында үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесу өтті.

Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев Қорының атынан «Женский луч» қоғамдық бірлестігіне Степногорск қаласындағы тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арналған дағдарыс орталығына қажетті жабдықтар мен материалдар сатып алуға сертификат табысталды.

Сондай-ақ, «Қорғалжын экологиялық обсерваториясы» жеке мекемесіне Ақмола облысының Жарлыкөл және Жалғызқұдық ауылдарында «Тұрақтылықтың жасыл коды: Қорғалжын экологиялық обсерваториясы экоклубтарының технологиялық форсайты» ғылыми-тәжірибелік жобасын жүзеге асыру үшін қаржылай көмек көрсетілді.

Мемлекеттік органдармен, білім беру ұйымдарымен және белсенді азаматтармен күш біріктіре отырып, Нұрсұлтан Назарбаев Қоры қоғам өмірінің маңызды салаларына жүйелі түрде инвестиция салып, қазақстандықтардың дамуына жаңа мүмкіндіктер ашуды жалғастырып келеді.

Бөлісу