Нұр-Сұлтанда "Технологияларды коммерцияландыру - ғылым мен бизнесті интеграциялау құралы" атты Халықаралық Форум өтті
Жаңа ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруды ынталандыру, оларды өндіріске енгізу мәселелері, ғылым мен бизнесті кооперациялаудағы қиындықтар – осындай мәселелер елордада өткен Халықаралық форум барысында күн тәртібіне шығарылды.
Бұл маңызды бағыттарды қазақстандық және шетелдік инвесторлар, кәсіпкерлер мен ғалымдар, Қазақстан Парламентінің депутаттары, министрліктер мен үкіметтік емес ұйымдардың басшылары талқылады.
Форумға қатысушылардың назарын аударған мәселелердің бірі ғылыми жобаларды қаржыландырудың жетіспеушілігі болып табылады. Сенатор Бақытжан Жұмағұловтың пікірінше, сараптамадан өткен үздік жобаларды қаржыландыруды арттыру қажет.
Өз кезегінде, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұлан жобаларды коммерцияландыру мәселелерінде әр тараптардың ынтымақтастығы маңызды екенін атап өтті: «Ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруда табысқа жету үшін ғалымдар мен кәсіпкерлердің ғана емес, сонымен қатар үкіметтік емес ұйымдардың да қатысуы маңызды. Өз тарапынан, Елбасы Қоры жас ғалымдарды анықтауға, олардың идеяларын дамытуға және әлеуетті инвесторларды іздеуге жәрдемдеседі. Қордың қолдауы арқасында IT саласындағы стартаптар, мысалы, "Wunder", "Nommy" және т. б. инвестициялар алды».
Жалпы алғанда, өткен іс-шара ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға мүдделі әлеуетті әріптестер арасында байланыс орнатуға ықпал етті.