news-img

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен Халықаралық қауіпсіздік және жаһандық ядролық диалогты қайта жаңғырту жөніндегі халықаралық онлайн-конференцияның маңызды оқиғасы әлемдік көшбасшыларға Ядролық қауіпсіздік және ядролық қарудан азат әлем үшін жаһандық көшбасшылар альянсын құру туралы үндеу болды

Назарларыңызға өтініш мәтінін ұсынамыз.

Біз, Астана клубының Консультативтік кеңесінің мүшелері, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін көшбасшылардың жаһандық альянсын құру бастамасына қолдау көрсетеміз және әлемнің тәжірибелі әрі беделді көшбасшыларын біздің ісімізге қосылып, бірлесіп әрекет етуге шақырамыз.

Қару-жарақты бақылау және қарусыздану туралы келісімдерде бекітілген негізгі нормалар мен қағидаттардың пәрмені жоғалып бара жатқаны біз үшін өте өкінішті.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш пен көптеген сарапшылардың пікірінше, бүгінде әлемде 13,400 ядролық оқтұмсық бар, «ядролық қаруды қолдану ықтималдығы қырғи-қабақ соғыс кезеңінен әлдеқайда жоғары». Жұмыла әрекет ететін сәт келіп жетті.

«Атом ғалымдары бюллетені» ақырет сағаты «түн ортасына» дейін 100 секунд қалғанын көрсетті, бұл - сағат алғаш рет 1947 жылы енгізілгеннен бергі ең жақын уақыт.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, біз барлық елдерді «Ядролық соғыста жеңімпаз жоқ, сондықтан оған ешқашан жол бермеу керек» деген ақиқатқа көз жеткізуге шақырамыз.

Біз ядролық қарудан азат әлемге аяқ басуға негіз ретінде Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың маңыздылығын атап өтеміз. Шартқа барлық қатысушы мемлекеттердің ядролық қаруды таратпау және қарусыздану саласындағы өздерінің тиісті міндеттемелерін орындауы аса қажет.

Ядролық  сынақтарға толық және жаппай тыйым салу үшін біз Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шартқа қол қоймаған немесе ратификацияламаған барлық мемлекеттерді тиісті іс-шараларды жүзеге асыруға шақырамыз.

Біз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің барлық тұрақты мүшелері арасында ядролық қауіпсіздік, ядролық қаруды таратпау және қарусыздану жөніндегі тікелей келіссөздерді мүмкіндігінше тезірек бастауға шақырамыз. Бұл мемлекеттердің халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау ісінде жауапкершілігі ерекше зор.

Бұл үндеуді жариялауға мұрындық болған Қазақстан кезінде өз аумағында өткізілген 500-ге жуық ядролық сынақ жарылысынан зардап шеккен еді, соның салдарынан ел азаматтарының денсаулығы мен әл-ауқатына орасан зор нұқсан келген болатын. Қазақстан 1400-ден астам ядролық оқтұмсық арсеналынан өз еркімен бас тартып, осынау игі істе басқалар үшін үлгі болды.

Біз ядролық қаруды таратпау және қарусыздану мәселесі  толғандыратын барлық саяси және қоғамдық көшбасшыларды Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін көшбасшылардың жаһандық альянсына қосылуға шақырамыз.

Біз ядролық соғыс қаупінен азат әлемді тек бірлескен күш-жігердің арқасында құра аламыз.

Түсініктеме қалдыру