news-img

Дарина Айтуова – Қарағанды техникалық университетінің «Есеп және аудит» мамандығы бойынша 4-ші курс студенті. Дарынды балаларға арналған «Мұрагер» мамандандырылған мектеп-интернатын қызыл аттестатпен бітірген. Ол Президент және ректор шәкіртақыларының иегері. Дарина осы оқу жылында Нұрсұлтан Назарбаев Қорының стипендиаты атанды.  

 

— Мен бұл Қордың жұмысы туралы бірінші курста оқып жүргенімде білдім. Сол кезде Қор стипендиаты біздің алдымызда сөз сөйледі. Ол осы жетістікке жетудің оңайға соқпағанын атап өтті. Сосын айтулы шәкіртақыға қол жеткізгенін мақтан тұтатынын айтты. Сол сәтте өзіме Нұрсұлтан Назарбаев Қорының стипендиаты атанамын деп уәде бердім. Бұл еңбегімнің жоғары бағалануы болып саналады және мені ары қарай да ынталандыра түседі, – дейді Дарина Айтуова.   

 

Дарынды стипендиат қыздың жұмысы бастан асады. Дарина – «Жас Орда» жастар қауымдастығының үйлестірушісі. Мұнда аталған ұйым мен өз университетінің білім және қайырымдылық шараларына жауапты. Сондай-ақ, ол төменгі курс шәкірттеріне ағылшын тілінен сабақ өткізіп, қаладағы түрлі мекемелерде студенттерге жеңілдік беретін әлеуметтік карта – «Zhas Card» жобасын үйлестірген.     

 

Қазір Дарина Айтуова ғылыми зерттеу жұмысымен белсенді түрде айналысып жүр. Көптеген олимпиада, жобалар мен ғылыми байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болуда. 20 ғылыми мақала жазған. Оның бәрі аймақтық, республикалық және халықаралық конференциялардың жинақтарына жарияланды. Ол оқудағы жетістіктері және белсенді жұмысы үшін университет ректорынан бірнеше мәрте алғыс хат алып, «ҚарМТУ үздік студенті-2019» аталымы бойынша жүлделі орынды иеленді.    

 

— Ғылыми жұмыспен айналысу және оқу барысында талай дарынды әрі амбициясы мол адамдармен таныстым, өз бағатымдағы жетекші сарапшылардың тренинг-семинарларына, еліміздің түрлі қалаларындағы танымал адамдармен кездесулерге қатыстым. Осының бәрі студенттік жылдарымды барынша тиімді, ең бастысы, қызықты етіп өткізуге мүмкіндік береді, – деп сөзін түйіндеді Нұрсұлтан Назарбаев қоры атаулы стипендиясының иегері.

Түсініктеме қалдыру