news-img

«Елбасы Медалі» жобасына белсенді қатысушылар – талантты әрі болашағынан зор үміт күттіретін мақсаты айқын жастар. Жобаның басты талабы оқу, шығармашылық және спортта тың қырынан таныла білген 14 пен 29 жас аралығындағы дарынды жас таланттарға қолдау көрсету.

Осы жобаға қатысушылардың бірі  Алексей Лодочников. Ол Қашыр балалар үйінің тәрбиеленушісі, «100 жаңа есім» жобасының қатысушысы. Бүгінде жас буын өзі оқитын Павлодар қаласындағы музыкалық колледжде «Жас Отан» жастар қанатының жетекшісі. Жастайынан домбыра тартуға әуес, қазақтың дәстүрлі әндері мен күйлерін нақышына келтіре орындайды. Алексей қазақ тілін еркін меңгерген.

- Мен Қашыр балалар үйіне 3 жасымда келдім. Сол кезде қазақ тобы ашылған еді. Мен де қазақ тілінде сөйлегім келді, бұл Павлодар облысындағы әр ұлттың балаларын мемлекеттік тілде оқытатын жалғыз қазақ тобы. Екі жылдай қазақ тілін үйренген соң домбыраға қызығушылығым артты. Қазір қазақтың халық әндерін кәсіби деңгейде орындаймын, - дейді Алексей Лодочников.

Алексей «Елбасы Медалі» жобасына қатыса жүріп, домбыра үйренгісі келетіндерге сабақ береді және басқалардың түрлі пәндерді түсінуіне көмектеседі.

Жас дарын иесінің айтуынша, өмірде кез-келген адам арманына қол жеткізе алады. «Ең бастысы жалқауланбай алға қарай талпыну керек, түбі ол жемісін беріп, елге пайдаң тиеді. Себебі, Еліміздің табысқа жетуі халық жетістігінде, - дейді Алексей.

Түсініктеме қалдыру