news-img

Тәуелсіз Қазақстанның мемлекет ретінде құрылуының табысты тәжірибесі және Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекет тәуелсіздігінің қалыптасуындағы тарихи рөлі - 2021 жылғы 10 желтоқсанда Елордада өткен «Көшбасшылық. Тұрақтылық. Өрлеу» халықаралық конференциясында талқыланған басты мәселелер.

Конференция Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге арналған бағдарламадағы негізгі іс-шаралардың бірі. Оған танымал халықаралық саясаткерлер, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғылыми-зерттеу институттарының басшылары, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қызметтестері қатысты.

Конференция аясында өткен «Тәуелсіздіктің бағдары мен белестері» пленарлық отырысында ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин құттықтау сөз сөйлеп, Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылығы тәуелсіздік таңында әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз еткенін, содан кейін Қазақстанның бүгінгі күнге дейінгі өрлеуі мен серпінді дамуының негізі болғанын атап өтті.

Өз кезегінде, Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Мемлекеттік Думасы төрағасының бірінші орынбасары Александр Жуков Н.Ә.Назарбаевтың Ресей Федерациясымен көпжақты достық байланыстар мен стратегиялық серіктестікті нығайтудағы рөлі мен маңыздылығына егжей-тегжейлі тоқталды. «Біз қазақстандық достардың жетістіктерін құптайтынымызды атап өткім келеді. Одақтастық қатынастарды нығайту мен дамыту, стратегиялық әріптестік пен Қазақстанмен интеграциялық байланыстарды тереңдету бағытын берік ұстануды жалғастырамыз», - деп атап өтті спикер.

ҚР Конституциялық Кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттілігінің қалыптасуы жағдайындағы құқықтық жүйенің дамуының негізгі кезеңдері туралы айтып берді.

Нұрсұлтан Назарбаев Қоры атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлы модераторлық еткен «Болашақ дамудың басымдықтары» атты панельдік сессия кезінде спикерлер Елбасы таңдаған саяси үлгі мен мемлекеттің басымдығы Қазақстан жетістігінің кепілі екенін атады. Сессия қатысушыларының айтуынша, Елбасының көпвекторлы саясатын, бейбітшілік, ашықтық құндылықтарын ұстану - Қазақстанның өзге елдермен достық байланысын нығайтудың діңгегі.

Конференция аясында отандық және шетелдік ғалымдар мен сарапшылар баяндама жасаған «Тарих сабақтары», «Қоғам және құндылықтар», «Болашақ дамудың басымдықтары» атты үш панельдік сессия өтті.

Түсініктеме қалдыру