Айнұр Базарбаева: «Мақсатым - елдің ертеңі болатын салауатты, саналы, тәлім мен тәрбиесі үйлескен буынды тәрбиелеуге үлес қосу»

17 тамыз 2020 ж. 42667 0

Кез келген мемлекеттің болашағы білімді де білгір жастардың қолында. Салауатты, саналы ұрпақ қиындықтарға мойымай, алған бағытынан таймасы анық. Айнұр Базарбаева  - Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы, Жетібай ауылының нөмірі 4-ші орта мектебінің биология пәнінің мұғалімі. Бүгінде ол «Елбасы медалі» бірегей жобасының тәлімгері. Аталмыш жоба Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың - Елбасы  «El Umiti» бастамасы аясында әзірленген. Нұрсұлтан Назарбаев қоры мен «Елбасы Академиясы» КҚ -ның қолдауымен жүзеге асырылып жатқан жоба жастардың өзін өзі дамытуына, басқаруына мүмкіндік береді. Осы тұста тәлімгерлерліктің қыр-сыры жайында Айнұр Базарбаева әңгімелеп берді.

 

Жоба аясындағы өзіңіздің  қызметіңіз бен команда қатысушылары жайында айтып берсеңіз.

Қазіргі жағдайда адамның жетістігі тек қана кәсіби деңгейде ғана емес.  Жұмсақ дағдылардың soft skills (эмоционалды интеллект, көшбасшылық, жауапкершілік, өзін-өзі басқару, бейімделу жылдамдығы, әдептілік және т.б.) болуы маманға деген сұранысты, оның бәсекеге қабілеттілігін арттырады.  «Елбасы Медалі» бағдарламасы - қатысушылардың осындай қасиеттерін арттыруға бағытталған. Осы мақсатты көздеген жобаның орындалуына өз септігімді тигізсем мендік миссия (қызмет) орындалды деген сөз. Сондықтан осы жобаға тәлімгер болып тағайындалып, оқушылармен бірге өзім де дамығым келеді. Командамда 23 қатысушы бір-бірінен өткен нағыз талантты оқушылар, арасында бірнеше студенттер де бар. Барлығының да өзіндік айқын мақсаттары бар және мақсатқа жетер жолында аянып қалмайтын табанды ерік-жігері, қайтпас қайсар мінездері бар. Бірі әнші, бірі күйші, бірі биші, бірі ақын, бірі спортқа құмар, бірінің қолы шебер. Түрлі таланттардың басын қосқан бұл жобаның оларға тигізетін әсері орасан зор деп ойлаймын.

Жоба қатысушыларынан не күтесіз?

Бұл жобаға келген жастар өздерінің не қалайтындықтарын, нені армандайтындарын білетін, өзіндік көзқарастары мен пікірі қалыптасқан, ұшқыр ойлы, қарым – қабілеті жоғары, ой – өрісі дамыған буындар. Сондықтан бұл жоба оларға одан әрі серпін беріп, қанаттарын қағу барысында шыңдайды деген пікірдемін. Оларға бұл жоба серпіліс сыйлайтыны анық.

Командаңыздағы тәлім алушылар қандай нәтижеге қол жеткізу қажет?

Өз  командамдағы  тәлім алушылардан күтер үмітім көп. Олардың бойларындағы талпынысты байқағанда, сөздеріндегі сенімділік пен көздеріндегі алаулаған жалынды көргенде елдің болашақ мықты қаланатын  құрауыштарын, көшті  ілгері  жылжытатын  жастарды көремін. Сондықтан командамдағы әр қатысушы болашақта өздерінің қалаулары бойынша мамандық игеріп, елдің кәдесіне қызмет ететін ұлттық  құндылықтарын  жоғары  дәрежеге  жеткізетін тұлға ретінде қалыптасатынына сеніммен қараймын.  Жоба аясында қатысушы буыннан мақсаттарына жететін «үздік нәтиже»  және рухани азықпен қаруланған жалынды жастардың алға қойған мақсаттарының бірінің орындалғанын күтемін.

Болашақта оларға қандай жетістіктер қажет болуы мүмкін?

Болашақта оларға осы кездегі бойындағы таланттары мен қабілеттіліктерін өшіріп алмай, одан әрі тұтатып, өздерінің алға қойған діттеген нысаналарына ақырын жүріп, анық баса отырып, ілгері жылжып, өз жолынан жаңылмай «мақсатқа жету» жетістігін бағындыру деген жетістік қажет болады. Сол жетер жолдағы әр кездескен қиындықтарға мойымай, сол жолдардан, әр кезеңнен, әр сәттен, әр оқиғадан  тәжірибе ала білсе онда оларға нысанаға жету аса қатты қиындық туғызбасы анық. Бастысы неғұрлым, мақсатына жетуге деген ерік-жігері мен қайраты жоғары болса, соғұрлым шыңды, мақсатты  бағындыруы  жеңілдей түспек. Команда қатысушыларына барынша  рухани жағынан қолдау білдіріп отырамын. Себебі осы сәтте оларға ішкі дүниенің дайындығы, күші ауадай қажет деп білемін. Пышақтың немесе балтаның жүзін қайрау арқылы оның өткірлігі арта түсетіні секілді, мен ойлаймын адам баласының да ішкі-жан дүниесіне қозғау салып отырмаса, рухани кедейлене түседі. Ал рухани кедейлік ол ішкі жан-дүниенің мүгедектігіне алып келеді. Рухани жан дүниесі жұтаң жастардан не қайыр, не күтеуге болады?! Әрине олардан болашақ елдің ертеңдерін көре алмайтынымыз анық. Сондықтан әр күні оларды шабыттандырып, ойларын тыңдап, соған орай шешім шығарып, ойларына түрткі салып отыруға тырысамын. Олардың әр айтылған дүниеге нәтиже шығарып, тәжірибелерімен  бөлісіп отыратыны ұнайды. Бұл маған үлкен ләззат сыйлайды. Өз тәлімгерлік қызметімдегі  ең керемет дүние десем қателеспеймін.

Жобаға қатысқалы өзіңіздің бойыңыздан қандай өзгерістер байқадыңыз?

Жоба басталғалы өзімнен әрине прогрестік өзгерістерді ғана байқап жатырмын. Құлшынысы жоғары, жалынды жастармен қоян-қолтық қарым-қатынас құру, олармен етене жақын байланыста болу  маған жаңаша тәжірибе жинауға септігін тигізіп жатыр. Сондықтан бұл жобаның бір бөлшегі ретінде тәлімгерілік қызмет атқарып жатқаныма қуанамын. Бұл да маған жақсы өзгерістер сыйламаса, негативтік көзқарас мүлдем жоқ деуге болады. Өзімнің мамандығым да осы ұстаздық қызмет болғандықтан оқушылармен, жастармен жұмыс жасау маған тек қана қуаныш сыйлайды. Қай заманда болсын алып қарасаңыз, ұстаздарға құрмет жоғары болған. «Адамның адамшылығы - жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі оқушының болашақ азығы. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім - тәрбие алған шәкірт өмір майданында мойымай күресіп, болашақ жолдарда бағытынан таймасы анық.  Сондықтан «жақсы ұстаз»  болуға барынша күш салудамын. Ұрпақ болашағы, халқымыздың келешегі қазіргі ұстаздардың қолында. Тәуелсіз ел атанып, төбемізге ту тігіп, тіліміздің мәртебесі артып, әлемге атымызды танытып жатқан кезеңде ұлттың, елдің болашағы - жас ұрпақ тәрбиесіне де мықты көңіл бөлінуде. Осы егеменді, тәуелсіз Қазақстанда өркениетке бастар жолдың бастауы мектеп десек, мектептің басты тұлғасы, жүрегі - мұғалім. Ендеше, менің,  Айнур Қожабайқызының да алға қойған басты мақсаты елдің ертеңі болатын жас ұрпақты салауатты, саналы, тәлім мен тәрбиесі үйлескен буынды тәрбиелеуге өзіндік үлесін қоса атсалысу.

Қызықты сұхбат үшін рахмет!

Түсініктеме қалдыру