«Абай әлемі» байқауының қорытындысы жарияланды

7 қазан 2020 ж. 8028 0

Студенттер мен магистранттар арасындағы үздік ғылыми жұмысқа арналған «Абай әлемі» байқауы ақын, композитор және ағартушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған.

Байқауды ұйымдастырушылар Нұрсұлтан Назарбаев Қоры мен Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қазақстанның әр өңірінен келген 100-ден астам ғылыми жұмысты іріктеп алды.

Конкурсқа қатысушылардың жұмыстары Абай шығармашылығы, оның ішінде  ақын шығармашылығының әдеби дәстүрлер мен қазақ әдебиетіне әсері қатысындағы зерттеулерді қамтиды. Еңбектердің біраз бөлігі ойшыл шығармаларындағы ұлттық рухани құндылықтардың көрінісі мен  өлеңдерінің текстологиясына арналған.

 - Байқауды ұйымдастыру арқылы  біз ұлы қазақ ойшылы Абайдың мұрасын насихаттауға, дарынды жас ғалымдарды, олардың шығармашылығын анықтауға және қолдауға тырысамыз. Осылайша біз қоғамда халық дәстүрлерін, адамгершілік құндылықтарын және олардың бірегей шығармашылығын нығайтуға ықпал етеміз, - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев Қорының атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұлан.

Құрамына белгілі қоғам қайраткерлері, абайтанушы ғалымдар, ақындар енген қазылар алқасының мүшелеріне байқау жеңімпаздарын анықтау оңай болған жоқ. Қатысушылардың жұмыстары идеялардың ерекшелігімен, дәйектілігі мен нақтылығымен ерекшеленді.

Нәтижесінде үздіктер қатарынан байқау жеңімпаздары іріктелді:

- студенттер арасында  I орынды Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 2 курс студенті Әзімбек Қойлыбай жеңіп алды. Ол арнайы диплом мен 300 000 теңге көлеміндегі сыйлықтың иегері атанды. Еуразия гуманитарлық институтының 4 курс студенті Атабай Қуанышов пен  Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің 2 курс студенті Нұрай Ғазизовқа  II орын үшін арнайы диплом мен 200 000 теңге сыйақы  берілді. III орынды Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің  4 курс студенті Назгүл Айсенова, Е.А.Бөкетов атындағы  Қарағанды мемлекеттік университетінің 3 курс студенті  Гүлсімай Сайрамбек,  Назарбаев Университетінің 2 курс студенті  Мөлдір Бижанова өзара бөлісіп, әрқайсысы 100 000 теңге көлеміндегі сыйақыға ие болды.  

- магистранттар арасында I орын иеленген  Ш. Есенов атындағы  Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің 1 курс магистрі Мустафа Шохаевқа диплом  мен 400 000 теңге көлеміндегі сыйақы табыс етілді.  II орынды Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және  Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының 2 курс магистрлері Абай Мырзағали мен Шерхан Мұхамбетжанов иеленді. Жас ғалымдар 300 000 теңгеден  сыйақы алды. ІІІ орын  үш қатысушыға бұйырды: Тұран - Астана университетінің 1 курс магистрі Калиакбар Үсемханұлы,  І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің 2 курс магистрі Ақбота Қажыбекова мен 1 курс магистрі Зейнегүл Жұмабекова 200 000 теңге сыйақы алды.

Үздік ғылыми жұмыстар «Abaialemi.kz» порталында жарияланады.

Түсініктеме қалдыру