Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «Бірлік жолы» көрмесі ашылды

Астанада өткен «Ұрпақтар жады» диалог алаңында Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) рөлі, маңызы және дамуы жайы талқыланды.
Бұл іс-шара және «Бірлік жолы» көрмесі ҚХА-ның 30 жылдығына арналып, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті музейінің ұйымдастыруымен және Астана қаласы әкімдігіне қарасты «Қоғамдық келісім» КММ мен Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының қолдауымен өткізілді.
Диалог алаңының спикерлері ретінде этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен мәдениет қайраткерлері сөз сөйледі. Олардың ішінде «Құрмет» орденінің иегері, жазушы Ю.Ю. Серебрянский, ҚХА Аналар кеңесінің мүшесі А.Г. Вагапова, ҚХА сарапшылар тобының төрағасы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Т.С. Садықов және басқалар бар.
Кездесу қатысушылары ҚХА ұлттық бірлікті сақтау мен этномәдени әртүрлілікті дамытуда маңызды рөл атқарғанын атап өтті. «Ассамблея жылдар бойы қоғамда нығайтып келе жатқан құндылықтар мемлекетіміздің табысты дамуының негізгі кепілі болып табылады. ҚХА-ның көпжылдық тәжірибесін зерттеу ғана емес, сонымен қатар осы құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, сабақтастықты қамтамасыз ету маңызды», – деді спикерлер.
«Бірлік жолы» көрмесі – тәуелсіздік дәуіріндегі жетістіктерге негіз болған оқиғалар мен үдерістерді қайта ой елегінен өткізудің және түсіндірудің нәтижесі екенін жеткізді. Экспозицияда ҚХА-ның институционалдық мәртебесін айқындаған негізгі құжаттар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың жеке архивінен алынған қолжазбалар, блокноттар, тарихи-публицистикалық және мемориалдық жанрдағы материалдар қойылған», - деді көрменің ашылуында ҚР Тұңғыш Президенті музейінің директоры Күләйша Ақтаева.
Күләйша Ақтаева «Менің тарихым» электрондық ресурсын әзірлеу және толықтыру жұмыстары жүріп жатқанын мәлімдеді. Бұл платформада Қазақстанның тарихы әртүрлі халықтың, жекелеген отбасылардың өмір жолы арқылы баяндалады.
Көрменің ашылу салтанатын Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының қазақ оркестрі «Достық жыры» концерттік бағдарламасымен әрледі.
Айта кетейік, көрме мен диалог алаңы Тұңғыш Президент музейінің «Дәуір жасампаздары/Замандастар» тарихи-мемориалдық жобасы аясында ұйымдастырылды. Бұл жоба тарихи тұлғаларды, негізгі оқиғалар мен әлеуметтік-мәдени үдерістерді кешенді зерттеу арқылы қазіргі заманғы тарихты ғылыми тұрғыдан пайымдауға бағытталған. Жоба аясында заманауи зерттеу әдістері, жаңа дереккөздерді талдау және пәнаралық әдістемелер қолданылады, бұл тарихи мұраны қайта жаңғыртып қана қоймай, оның қоғам дамуындағы рөлін қайта қарауға мүмкіндік береді.