Стипендия байқауы: еліміздің үздік студенттері Қордың қолдауына ие болады

Нұрсұлтан Назарбаев Қоры өнер және мәдениет саласындағы колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған атаулы шәкіртақылар байқауының басталғанын жариялады.
Шәкіртақылар академиялық жетістігі жоғары, ғылыми, қоғамдық және шығармашылық өмірге белсене араласатын студенттерді қолдау және ынталандыру мақсатында тағайындалады. Бағдарлама байқау негізінде жүзеге асырылады және елдің зияткерлік, ғылыми әрі мәдени әлеуетін дамытуға бағытталған.
Байқауға күндізгі бөлімде оқитын, екі немесе одан да көп курсты сәтті аяқтаған және үздік үлгерімге ие студенттер қатыса алады. Стипендияға грантта да, ақылы бөлімде де оқитын студенттер үміткер бола алады.
Байқау екі кезеңде өтеді:
• Бірінші тур – оқу орындарының ішінде ұйымдастырылады;
• Екінші тур – республикалық деңгейде Қор өткізеді.
Екінші турға құжат өткізудің мерзімі – 2025 жылғы 15 қыркүйекке дейін.
Байқау нәтижесі Қордың ресми сайтында жарияланады. Жеңімпаздар оқу жылы бойы ай сайынғы қаржылай қолдауға ие болып, республика деңгейінде танылады.
Қор оқу орындарын және студенттерді белсенділік танытуға шақырады. Толық ақпарат пен өтініш формаларын мына сілтеме арқылы табуға болады: www.fnn.kz