news-img

Мемлекеттік тілді дамыту қорының 2020 жылдың сынақтарына қарамастан өткізген іс-шаралары мен жобалары өз жемісін беріп жатыр. Жылдың басынан «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығымен бірлесіп, қазақ тілін меңгеруге деген қызығушылығы бар өзге ұлт өкілдері оқушыларының арасында, «Тіл - мемлекет тәуелсіздігінің символы» атты ХІV республикалық қашықтық олимпиадасын өткізді. Олимпиаданың қашықтық кезеңіне Республика бойынша 2470 оқушы қатысты, ең жоғары ұпай жинаған 37 оқушы Нұр-Сұлтан қаласына қорытынды кезеңге шақырылды. Осындай олимпиадалар ақыл-ой және рухани дамудың, қарым-қатынастың құралы ретінде қазақ тілін меңгеруге деген қызығушылықты арттыра түседі.

Қордың ауқымды жобалары болса, оқушылар мен ұстаздардың науқанына орай дайындалды. Солардың бірі – «Мен - ұстаз». Қосымша мамандарға онлайн білім беруде оқушыларды топтастырып, сабақ өткізуді ұйымдастыруға көмектеседі. Soyle-нің дайын ақпараттарының негізінде жеке оқу бағдарламасын жасауға, үй жұмыстарын беріп-тексеруге және оқу барысын қадағалауға мүмкіндік береді. Елімізде ғана емес, бүкіл әлемде орын алған жағдайға байланысты жаңа қосымша қазақ тілін оқытуда өзекті болды.

Сонымен қатар, Қор биыл ағартушы, ақын, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойын ерекше атап өтті. Студенттер мен магистранттар арасында «Абай әлемі» үздік ғылыми жұмысы байқауын ұйымдастырды. Нұрсұлтан Назарбаев Қорының атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұлан: «Байқауды ұйымдастыру арқылы қазақтың ұлы ойшылы Абайдың мұрасын насихаттауға, дарынды жас ғалымдарды анықтауға және қолдауға, олардың жұмысын насихаттауға көмек көрсетеміз. Осылайша, біз қоғамда халық дәстүрлерін, адамгершілік құндылықтарын, ұлылардың бірегей шығармашылығын танытуға ықпал етеміз», — деп атап өтті.

Күздің соңында бір жылдың көлемінде ойнаған «Кім білгіш?» зияткерлік-танымдық турнирінің қорытындысы шықты. Жобаның мақсаты – дарынды балаларды анықтау, олардың танымдық қызығушылықтарын ояту, оқушылардың мәдени және білім деңгейін көтеру, сондай-ақ мектеп оқушылары арасында бос уақытты тиімді ұйымдастыруға ықпал ету. Осы жылы оқушылар республиканың әр өңірінен белсенділік танытып, турнирге 3000-ға жуық мектеп оқушылары қатысты. Ойынның екі кезеңі онлайн режимінде өткізілді. Қорытынды финал Нұр-Сұлтан қаласында өткізіліп, үздік ойыншылар бір-бірімен эрудиция және жылдамдығымен жарысты.Турнирдің жеңімпаздарына «2020 жылдың ең ақылды оқушысы» атты арнайы диплом мен ноутбук сияқты бағалы сыйлықтар табысталды.

23 қараша күні «Nazarbayev ortalygy» дамыту орталығында  «Тәтті алма» әдеби жинағының VI томы мен «Ұлы дала аңыздары» комикстерінің тұсаукесері өтті. Келген қонақтарға Нұрсұлтан Назарбаев Қоры мен Мемлекеттік тілді дамыту қоры шығарған «Тәтті алма» әдеби жинағының VI томы мен үштілдегі комикстермен танысты. Осы уақытқа дейін әдеби жинақ өзінің жеке брендін қалыптастырып үлгерген. Бұның себебі, жылдар бойғы тұрақтылық пен мағыналы мазмұнында. «Тәтті алмада» алғашқы томынан бастап мейірімділік пен қоршаған ортаға деген махаббатқа баулитын әңгімелер, нешетүрлі қиял-ғажайып ертегілер, қызықты сахналық қойылымдар мен заманауи ақындардың өлеңдері жарық көрді. 

«Жасыл жұма», «қара жұма», «қызыл жұмалардың» қарсаңында Мемлекеттік тілді дамыту қоры да өзінің «Qazaqsha juma-сын» өткізді. Шараның мақсаты қазақ тілін әлеуметтік желілердің соңғы тренді маска, челлендждердің көмегімен жастарға насихаттау. Челлендж бір аптаның көлемінде жалғасып, оған белгілі тележүргізуші, вайнер, блогерлермен қатар, Soyle-нің қолданушылары да белсенді қатысты. Осылайша, Soyle.kz жобасы және оның қазақ тілін үйренуге арналған пайдалы қызметтері туралы көп адам білетін болды.

Әсерлі және тартымды оқиғалар, жан тебірентер сезімтал, жалынды өлеңдер —  «Алтын тобылғы» әдеби байқауына қатысқан  жас ақындар мен жазушылардың шығармаларының денін осылай сипаттауға болады. Байқауды Нұрсұлтан Назарбаев Қоры алтыншы рет ұйымдастырды. Жыл сайын жоба шығармашыл жастардың назарын аударып, қаламдарының ұшталуына шабыт беріп келеді. Биылғы жылы пандемия өз түзетулерін енгізді, сондықтан байқау жеңімпаздарын жариялау онлайн режимінде өтті. Нұрсұлтан Назарбаев Қорының атқарушы директоры Қанат Жұмабаевтың айтуынша, байқауға қатысқан жас қалам шеберлерінің шығармалары өмірден алынған шынайы және ойдан шығарылған қызықты оқиғалар. Олар адамдардың ізгілігіне, адамгершілік қасиеттеріне, еліміздің ұлы тұлғаларына, Қазақстанның дәстүрлері мен жетістіктеріне арналған.

Нұрсұлтан Назарбаев Қорының қолдауымен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған радиовикторина ұйымдастырылды. Викторинаның мақсаты тәуелсіз еліміздің тарихына деген қызығушылықты арттыру мен радиотыңдармандарды еліміздің басты жетістіктермен хабардандыру. Бағалы сыйлықтар сұрақ-жауап түрінде «Астана радио» мен «Qazaq radiosy» толқындарында осы жылдың желтоқсан айының 7 мен 11 аралығында ойнатылды.

Жалпы алғанда, Қордың жобалары жылдан жылға заман талабына сай шыңдалып, ауқымы кеңейіп келеді.

Медиа жаңалықтар
Түсініктеме қалдыру