El maqtanyshy сыйлығы: дарынды оқушыларға жеңіске жеткені үшін 2 млн теңгеден беріледі
Нұрсұлтан Назарбаев Қоры Елбасы Академиясымен бірлесіп «El Úmiti» бастамасы аясында ең беделді халықаралық олимпиадалардың жүлдегерлерін екінші жыл қатарынан көтермелеп келеді. Пәндік олимпиадалардағы үздік жетістіктері үшін мектеп оқушылары мен олардың педагогтарына сыйлық беріледі.
«El maqtanyshy» - дарынды оқушылар мен олардың жаттықтырушыларын қолдау көрсететін еліміздегі жалғыз ақшалай ынталандыру.
Жоба жетекшісі Камила Башарованың айтуынша, сыйлық оқушылардың, олардың мұғалімдерінің, жаттықтырушыларының, Қазақстан Республикасы құрама командаларының нақты ғылымдар бойынша жетекшілерінің ынтасын арттыру үшін тағайындалды. Алтын медаль үшін сыйлық мөлшері 2 миллион теңгені, күміс медаль үшін - 1 миллион теңгені, қола медаль үшін - 500 мың теңгені құрайды.
Мұндай жоғары марапат кез келген олимпиадаға қатысушыларға ұсынылмайды. Сыйлық оқушылар арасындағы математика, физика, химия, информатика, биология, лингвистика және география пәндерінен бүкіләлемдік халықаралық олимпиадалардың жүлдегерлеріне ғана табысталады.
«Зияткерлік олимпиадалардың жүлдегерлерін дайындау - бәсекеге қабілетті Қазақстан халқы үшін және еліміздің оң имиджін қалыптастыру үшін өте маңызды міндет. Бір жеңімпазды даярлау үшін бала да, бірқатар мамандар да орта есеппен 2,5 жыл бойы күн сайын тынымсыз еңбек етеді. Алайда, мұғалімдер мен балалардың бұл санаты назардан тыс қалып келді. Сондықтан Нұрсұлтан Назарбаев Қоры аталмыш сыйлықты тағайындады», - дейді Камила Башарова.
2020 жылы пандемия салдарынан сыйлық лауреаттарының саны өзгерді. Егер 2019 жылы 20 жүлдегер және 28 жаттықтырушы марапатталса, 2020 жылы - 16 жүлдегер және 20 жаттықтырушы.
2020 жылғы жеңімпаздар арасында Байболов Темірлан, Сатубалдин Тайыр, Шынтас Нұртас, Бектемісов Тамирлан, Тен Юрий, Дүйсенбеков Данат, Мужубаев Әбілмансұр Абылайханұлы, Қайырбек Хайдар, Сейсенқұл Бақдәулет, Абдугафарова Кибриянур, Тайманов Адам бар.
«Пандемияға байланысты кейбір олимпиадалар кейінге қалдырылды, барлық өткізілген олимпиадалар онлайн форматта және жыл сайынғы кестеден кешіктіріліп ұйымдастырылды. Бұл жүлдегерлер санына әсер етпей қоймады», - дейді жоба жетекшісі.
Сыйлық лауреаттарын анықтауға тоқтала келе, Башарова «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы халықаралық олимпиадалардың жүлдегерлері атанған Қазақстан құрама командалары оқушыларының тізімін ұсынатынын айтты. Одан кейін Елбасы Академиясы мектеп оқушыларының жеңісіне үлкен үлес қосқан жеке және ұлттық жаттықтырушылар бойынша үміткерлер арасында сауалнама жүргізеді.
Биыл лауреат атанған Таир Сатубалдин «El maqtanyshy» сыйлығы туралы өз пікірімен бөлісті. Алматылық оқушы Халықаралық математикалық олимпиадаға қатысқан. Жарыс Санкт-Петербургте өтуі керек еді, бірақ пандемияға байланысты қашықтан ұйымдастырылды.
«El maqtanyshy сыйлығы халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары үшін маңызды, себебі ол халықаралық олимпиадаларға қатысушыларға мемлекеттің жетістіктерін қаншалықты бағалайтынын көрсетеді және оларды еліне жеңіс сыйлауды жалғастыруға ынталандырады», - дейді сыйлық лауреаты.