news-img

Еліміздің белсенді жастарының басын қосатын бағдарламаның елордалық қатысушыларына «Елбасы Медалі» табыс етілді. Марапат иегерлері – Нұр-Cұлтан қаласы мен Ақмола облысының  қола және күміс деңгейдегі 27 қатысушысы.

«Елбасы медалі» бағдарламасы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «El Úmiti» бастамасы аясында әзірленді. Жоба – жастарды кешенді дамытуға бағытталған ұлттық деңгейдегі жалғыз бағдарлама. Оған 14-29 жас аралығындағы жас қазақстандықтар қатысады.

Қатысушыларды марапаттау рәсіміне ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мәди Ахметов және Қазақстан Жастар Конгресінің атқарушы директоры Тоқтар Болысов қатысты.

«Екі жыл ішінде «Елбасы медалі» жобасы еліміздің әр өңірінен 20 мыңнан астам қатысушыны қамтыды. Бүгінгі таңда бұл сіздің өміріңіз бен әдеттеріңізді түбегейлі өзгертуге мүмкіндік беретін қуатты мотивациялық жоба. Медальдарды тапсыру рәсімі жақсы дәстүрге айналды. Қатысушылардың өміріндегі жарқын және есте қаларлық жарқын оқиға болатыны сөзсіз. Олар құрдастарының арасында танымал болып, оларды үлгі тұта бастайды. Көптеген балалар бірегей әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып жүр. Жастар арасында ұлттық дәстүр мен мәдениетті насихаттауға үлес қосып, табандылық пен еңбекқорлық арқылы діттеген мақсаттарға қалай қол жеткізуге болатынын көрсетеді»», - деді «Елбасы академиясы» корпоративтік қорының директоры Асланбек Амрин

Жобаны бастамас бұрын қатысушылар қола, күміс немесе алтын деңгейдің бірін таңдап, 6 айдан 18 айға дейін созылатын бағдарлама талаптарын орындайды. Қатысу барысында жастар өз дағдыларын жеті бағытта дамытады: спорт, дарын мен дағды, кітап оқу, ұлттық мұра, волонтерлік, саяхаттар мен жорықтар, еңбек тәжірибесі. Оларға тәлімгерлер көмектеседі. Қатысушылар апта сайын сайтқа тапсырманың орындалғаны жөніндегі есепті жүктегеннен кейін тәлімгер тексереді. Қатысушылар жобаның бойларындағы таланттарды дамытуға, пайдалы әдеттерді қалыптастыруға көмек бергенін айтады.

Мысалы, жоғары марапатқа ие болғандардың қатарында Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ студенті Динара Оралбекова да болды. ««Мен үшін бүгін өте ерекше күн, себебі бүгін алғашқы медалімді аламын! Менің туыстарым мені мақтан тұтқанына қарап, жауапкершілік артып отырғанымды сезінемін. Бірақ өз еңбегімнің, күш-жігерімнің бағаланғанына қуаныштымын. Жобаға қатысудың арқасында еліміздің мәдени мұрасын зерттеп, отандық шығармалармен жақынырақ таныса алдым», - деді ол жобадан алған әсерімен бөлісіп.

Екі жыл ішінде  3920 қола және 8 күміс "Елбасы медалі" табысталған. Естеріңізге сала кетейік, медаль иегерлері ҚР жоғары оқу орындарына білім гранттарын тағайындау кезінде артықшылыққа ие болады (ҰБТ балдары тең болған жағдайда, Елбасы медалінің иегері басымдыққа ие). Мәселен, 2021 жылы 605 медаль иегері білім гранттарына ие болды. Олардың 30% -дан астамы – ауыл мектептерінің түлектері.

Түсініктеме қалдыру