news-img

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті музейі қызметкерлері Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Шамалған ауылында және Қаскелең қаласында мазмұнды әрі нәтижелі кездесулер өткізді. 

Шамалған ауылындағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті атындағы «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында Елорда қонақтары орталық қызметкерлерімен, Алматы облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының өкілдерімен, сондай-ақ, Алматы облыстық музейлер бірлестігімен кездесті.

Мұнда «тәуелсіз Қазақстанның тарихи мұрасын сақтаудағы есте сақтау институттарының рөлі» атты семинар ұйымдастырылды. Семинар Қазақстан тәуелсіздігі кезеңінің тарихи мұрасын сақтау және ілгерілету бойынша музей қызметін әдістемелік қамтамасыз ету аясында ұйымдастырылды.

Астана қаласы мен Алматы облысындағы әріптестер іздеу-зерттеу жұмыстары, экспозициялық қызмет, интерактивті жобаларды жүзеге асыру және басқа да өзекті мәселелер бойынша тәжірибе алмасып, пікір бөлісті.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті музейінің директоры Күлайша Ақтаева өткізілген кездесулердің маңыздылығына тоқталып, былай деді: «Аймақтарға жасалған осындай сапарлардың маңызды бөлігі – тарихи-мәдени мұраны сақтау, таныстыру және дәріптеу бойынша тұжырымдамалық тәсілдерді, музей ісінің заманауи үрдістерін талқылау. Бұл мәдени мекемелер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді».

Кездесу барысында «Атамекен» орталығының қорына музейлік маңызы бар жәдігерлер – Тұңғыш Президенттің «Үшқоңыр» резиденциясынан алынған заттар тапсырылды.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті музейі, Алматы облыстық музейлер бірлестігі және «Атамекен» тарихи-мәдени орталығы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Серіктестік аясында бірлескен жобалар мен іс-шараларды жүзеге асыру, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу қарастырылған.

28 ақпанда ҚР Тұңғыш Президенті музейі қызметкерлері Қарасай аудандық тарихи-өлкетану музейінің ұжымымен кездесті. Кездесуде өзекті мәселелер талқыланып, ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды және музейлік маңызы бар заттар тапсырылды.

Кездесу барысында Тұңғыш Президентінің сыныптастары мен жерлестері сөз сөйлеп, мәдени мұраны сақтаудың маңыздылығы туралы ойларын айтты.

Бөлісу